11-сынып ата-аналарымен өткен жиналыс
2025 жылдың 11 қыркүйегінде мектебімізде 11-сынып ата-аналары «Маңызды кезеңде жанында болу: мазасыздық, емтихандар, мамандық таңдау» тақырыбында өткен психологиялық жиналыста бас қосты.
Бұл кездесу – түлектеріміздің өміріндегі аса жауапты кезеңде ата-аналарға қолдау көрсетуге бағытталды. Мектеп психологі ата-аналарға баланың емтихан алдындағы қобалжуын жеңілдетудің қарапайым әрі тиімді жолдарын ұсынды. Сонымен бірге, мамандық таңдау кезінде әрбір жасөспірімнің жеке қабілеті мен қызығушылығына сүйенудің маңыздылығы ерекше аталып өтті.
Жиналыс барысында ата-аналар балаларына сенім арту, жылы сөз айту, әрбір жетістігін бағалай білу – олардың алдағы қадамдарына күш беретінін сезінді. Өйткені, дәл осы кезеңде ата-ананың жанында болуы – ең үлкен мотивация мен тірек.
Кездесу соңында ата-аналар өз ойларымен бөлісіп, тәжірибелік кеңестер алды. Психолог ата-аналарды: «Балаңызға сеніңіз, жанынан табылыңыз, қолдаңыз – ол үшін бұл ең үлкен күш пен шабыттың көзі болады» – деген оймен жігерлендірді.
Педагог-психолог Базарова Э.Н.
Сынып жетекші Бужикенова М.Р.
